"Фариза апамыз поэзияға қанат қағып алғаш қосылған кезден бастап, бүгінгі қазақ поэзиясының падишасына айналып, бүкіл өмірін шығармашылыққа арнады"
                                                                                         Нұрсұлтан Назарбаев







Армысыздар, құрметті оқырмандар!

Мен блогымды «Бір ел- бір кітап» акциясының тарихынан бастағанды жөн көрдім.
Атап айтар болсам, «Бір ел-бір кітап» акциясын ұйымдастыру комитетінің шешімімен 2007 жылы жаппай оқитын кітап ретінде Абайдың «Қара сөздері» таңдалса, 2008 жылғы қалауымыз М.Әуезовтің «Қилы заманына» түсті, 2009 жылы қазақтың жыр жұлдызы  М.  Жұмабаевтың «Жан сөзі» кітабы таңдалса, 2010 жылы  Ж. Молдағалиевтың 90 жылдығына орай  ақынның «Мен қазақпын» поэмасын Қазақстандықтар жаппай оқыды.  2011 жылдың жалпы оқуына өткен ғасыр елең-алаңында ел рухы мен ұлт әдебиетін асқақтата көтерген, қайталанбас қолтаңбасы бар ұлы жазушы Ж.Аймауытовтың «Ақбілек»  романы таңдалса, 2012 жылы   дарынды суреткер, көркемсөз өнерінің шебері, жазушы  О.Бөкейдің «Қайдасың қасқа құлыным» атты повесінің акцияға ұсынылуы оқырмандардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, халықтың жазушыға деген сүйіспеншілігі мен сағынышын да арттыра түсті. Ал, үстіміздегі жылы қазақтың ақын қызы Ф. Оңғарсынованың «Дауа» жыр жинағы жыл кітабы болып таңдалғаны бәрімізге белгілі. Поэзия падишасының сезім болып төгілген асыл жырлары талғампаз оқырмандардың жүрегіне жол тауып, көпшілікті тағы бір елең еткізді Облыс бойынша түрлі мәдени іс-шаралар  атқару барысында байқағанымыз- Фариза апайдың шуақты, пәк сезімге, сағынышқа толы өлеңдерін жастардың сүйіп оқитыны, оқып қана қоймай ой елегінен өткізіп, жүрегімен сезініп , тебірене жүректерімен қабылдауы.
Ақынның өлеңдері  бізге рухани қуат берсін, жанымызға шипа, мұңымызға дауа берсін деп тілеймін.
          Құрметті  оқырман, бұл блогтан Сіз Ф.Оңғарсынова туралы өзіңізді қызықтыратын мағлұматтар алады деп ойлаймын. Сіздердің блогтарыңызға шығармашылық табыстар мен қызықты бастамалар тілеймін!
                        Бәріміз бірге оқылық, көңілімізге тоқылық!







 

Гүлайым  ТҮСТІКБАЙ
«Талдықорған» газеті бас редакторының орынбасары, ақын



Қазақтың талантты ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Ф. Оңғарсынованың шығармашылығы туралы ой толғам

      Фариза Оңғарсынова қазақтың біртуар ақыны. Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы жыр сүйер қауымның көңілін елең еткізген ерен лебі, екпіні мен жалыны бар ақын. Біздің замандастарымыз Фаризаның өлеңдерін іздеп оқыды, Фаризаның өлеңдерімен өсті. Адамның жан дүниесін баурайтын отты жырлар сырласа, мұңдаса отырып, бойыңа рух қондырады. Әсіресе, әйел махаббатының нәзіктігін, бар болмысын жарқырата ашады, ойыңмен ойы түйіседі. Жүрегіңдегі толқыған сезімді әдемі ақын тілімен өрнектейді.
            Ол адам бойындағы құндылықтар мен құнсыздықтарды, парасат пен парықсыздықты қыннан суырған қылыштай өткір өлеңмен тіле айтады, сөйтіп бойыңды тітіркендіреді, жирендіреді, не құлай сүйсіндіреді. Туған ел мен жерге деген терең де ыстық сүйіспеншілікке куә боласың. Фариза ақында жансыз өлең жоқ. «Ойсыздықтан өрекпіп тойғандардың құлағына қайғы боп ызыңдасын», - деп ақын  жырлағандай, құлақта қалатын, оқырманын бей-жай қалдырмайтын шоқтығы биік шоқты жырлар.
            Нарынның құм суырған даласында дүниеге келген ақын қыздың жан дүниесі де табиғатына ұқсас қайсар да қайратты. Ф.Оңғарсыновадай қазақтың ақыны туралы айта беруден гөрі оның өлеңдерін оқып, сусында, нәрлен дер едім. Өйткені, шайырдың шумақтарында бойыңдағы өлгеніңді тірілтердей қасиет бар. «Балғын жасқа қонбайды данышпандық, көкірегіне табиғат көз бермесе», - деп өзі айтқандай, көкірек көзі бар жас өз керегін табарына сөз жоқ. Ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында кітапханаларда өтіп жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясының маңыздылығы да осында.